
Қазақстандық ММА өкілі Артем Резников спорттық мансабын бастағанда төзімділік пен физикалық жағдайды жақсартатын түрлі препараттар қолданғанын мойындады.
— Өз физикалық күйіңді жақсарту үшін қандай да бір препараттарды қолданып көрдің бе?
— Карьерамды бастаған кезде барлығы «мынаны ал, анау жақсы» деп түрлі кеңес беретін. Байқап көрген препараттарым да бар. Бірақ, білесің бе, «мына жерде сіңір тартылды, ана жерде шаршадым» деп сылтау айтып, өзіңді ақтай беруге болады. Бірақ шындап келгенде мұның бәрі тек кедергі келтіреді. Кез келген спортшыға айтарым — ең пайдалысы жүрекке арналған препараттар. Олар сенің жүрегіңді шыдамды ете түседі. Жекпе-жекте жеңіс физикалық тұрғыдан мықты спортшыға емес, дұрыс тыныс ала алатын спортшыға тиесілі. Әсіресе, бес раундтық жекпе-жектерде. Бұл препараттар сенің төзімділігіңді арттырады. Ал, стероидтарды тым жиі қолданатын «химиктердің» спорттағы тағдыры қысқа. Себебі 20-дан 30 жасқа дейін химиямен айналыссаң, мансабың бітті деген сөз. Стероидтар сенің жағдайыңды жақсартудың орнына, керісінше, ішкі ағзаларыңа зиян келтіреді. Ал бауыр, жүрек, бүйрек істен шықса, спортпен айналыса алмайсың. Есесіне көктамырға салынатын дәріханалық препараттар жауынгер ретінде төзімділігіңді арттырып қана қоймай, барлық ішкі ағзаңды да жақсартады. 40 жасқа дейін жекпе-жекке шығатын жігіттер допинг емес, осы препараттарды қолданатынына сенімдімін», — деді Резников Sarbaz Podcast-қа берген сұхбатында.