
Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында өткізген
UFC-де жеңілмеген қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов (19-0) 2025 жылдың соңына дейін октагонға қайта оралатынын мәлімдеді.
Жарақатын емдеген Шавкат жекпе-жекке шығуға дайын екенін айтып, шамамен қараша немесе желтоқсанда турнирге қатысуы мүмкін екенін жеткізді.
«Қазіргі сәтте жарақат толық жазылды. Жыл соңына дейін оралғым келеді, ин ша Алла шамамен қараша айында деп ойлайсын», - деді Рахмонов.
Бұған дейін Шавкат Белал Мухаммадпен чемпиондық жекпе-жек өткізуі керек болған, алайда тізе жарақатына байланысты кездесуге шыға алмады. Оның орнына октагонға шыққан Джек Делла Маддалена Мухаммадты жеңіп, жартылай орта салмақтағы жаңа чемпион атанды.
Қазақстандық спортшы қарсыласының кім болатыны маңызды емес екенін де айтты:
«Үміткер кім болса да бәрібір. Ең бастысы, дайын болу», - деді Рахмонов.
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсанында UFC 310 турнирінде өткізіп, ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңген еді. Қазіргі таңда оның есебінде 19 жекпе-жекте 19 жеңіс бар.