
35 жастағы қазақстандықтың қарсыласы америкалық Пунахеле Сориано (11-4) болмақ
Жартылай орта салмақ дәрежесіндегі қазақстандық спортшы Николай Веретенников (13-6) жыл соңына дейін UFC-де тағы бір жекпе-жек өткізеді.
MMAmania мәліметінше, 35 жастағы қазақстандық файтердің қарсыласы америкалық Пунахеле Сориано (11-4) болмақ. Бұл жекпе-жек Лас-Вегаста өтетін UFC 320 турнирінде ұйымдастырылады.
32 жастағы Сориано 2025 жылды сәтті бастап, қаңтар айында UFC Vegas 101 турнирінде серб файтері Урош Медичті (11-3) нокаутқа түсірген. Бұған дейін ол Мигель Баэсаны (10-4) жеңіп, қарсыласының UFC-дегі мансабына нүкте қойған еді. Сорианоның жаңа салмақтағы көрсеткіші – 2-0, ал UFC-дегі жалпы рекорды – 5-4.
Николай Веретенников шілде айында Франсиско Прадоны (12-4) төрешілердің басым дауысымен жеңіп, UFC-дегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді әрі промоушендегі орнын сақтап қалды. Бұған дейін ол дебюттік кездесуінде Дэнни Барлоуға (9-1) есе жіберген, кейін Остин Вандерфордтан (13-2) жеңіліп, басы дауға қалды. Естеріңізде болса,
Сиэтлде өткен турнирде (екінші раундта мерзімінен бұрын жеңілген) ол айқастан кейін қарсыласын итеріп жіберді. Бұл жағдайды ушықтырып, күзет араласуға мәжбүр болды.
Оқиғадан соң ММА жанкүйерлері Николайды UFC-ден шұғыл шығаруды талап етті. Ресми санкциялар қолданылмаса да, БАҚ-та промоушен президенті Дана Уайттың бұл жағдайды 2010 жылғы атышулы оқиғамен салыстырғаны туралы ақпарат тарады. Ол кезде британиялық Пол Дэйли жекпе-жек аяқталған соң қарсыласын соғып жіберіп, UFC-ден өмір бойына шеттетілген болатын.