Оның Париж олимпиадасына баруға мүмкіндігі арта түсті
Парижде дзюдодан басталған Гранд Слэм бәсекесінің 60 келідегі белдесулерінде жеңімпаздар анықталған соң, Елдос Сметов әлемдік рейтингте бірден 11 сатыға жоғарылады.
Бұған дейін 35-ші орында тұрған отандасымыз қазір тізімде 24-ші тұр.
Әлем бойынша 60 келіде кейбір елдерден рейтингтің 1-24 орындарына бірнеше дзюдошысы енген. Оның ішінде Франция мен Қазақстаннан – 3, Жапония, Грузия, Оңтүстік Корея, Әзірбайжаннан 2 спортшы үздіктер қатарын толықтырып отыр.
Ал Олимпиадалық рейтинг аяқталған соң халықаралық дзюдо федерациясы Парижде өтетін ойындарға әр салмақ дәрежесі бойынша ұлттық құрамалардан тек бір спортшыдан ғана қатысуға рұқсат береді. Демек, Сметов 24-орыннан 16-ға сатыға дейін көтерілуі мүмкін. Яғни, Сметовтің алдағы Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі артып отыр.
Ол Париждегі Гранд Слэмде алғашқы белдесуінде мысыр спортшысын ұтқанымен, екінші айналымда оңтүстіккореялық дзюдошыға жол берді. Ал бұл салмақта сынға түскен Нұрқанат Серікбаев бірінші айналымда өзбек дзюдошысынан ұтылды. Серікбаев қазір әлемдік рейтингте 19-орында тұр. Ал тағы бір қазақстандық атлет Мағжан Шамшадин 14-ші орыннан бір сатыға төмендеді. Ол қаңтар айында Португалияда өткен Гран при бәсекесіне қатысқанымен жүлдеден тыс қалған болатын.