Ол Халықаралық нарды федерациясының президенті болып сайланды
Умар Кремлев 2025 жылғы 12 желтоқсанда өткен Халықаралық нарды федерациясының (IBF) кезектен тыс конгресінде ұйым президенті болып сайланды.
Ол бұған қоса Халықаралық бокс қауымдастығын (IBA) 2020 жылдан бері басқарып келеді.
Ұйымға мүше 38 елдің өкілдері Кремлевтің кандидатурасын бірауыздан қолдаған. Бұған дейін бұл қызметті Татьяна Комарова атқарған еді.
Кремлевтің айтуынша, федерацияның басты мақсаты - тек нарды ойынын дамыту емес, сонымен қатар Халықаралық үстел ойындары қауымдастығын құру.
«Қазіргі балалардың көбі телефонға тәуелді. Бұл зияткерлік дамуға кері әсер етеді. Ал үстел ойындарын кеңінен насихаттасақ, балалардың ой-өрісі дамиды. Біздің ұйым үлкен әлеуметтік жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс», - деді ол сайлаудан кейін.
Жаңа президент енді федерацияда жоғары деңгейде ұйымдастырылатын ірі халықаралық турнирлерге және қомақты жүлде қорларына басымдық бермек.
Атап айтқанда, келесі нардытан өтетін әлем чемпионатының жүлде қоры 2 млн АҚШ долларын, ал құрлықтық турнирлердің жүлде қоры шамамен 500 мың долларды құрайды.
Кремлев тағайындалғаннан кейінгі алғашқы ірі жарыс – IBF Arabian Grand Prix турнирі 13-18 желтоқсан аралығында Дубай қаласында өтпек.
Жарысқа бес негізгі дисциплина бойынша шамамен 200 спортшы қатысады. Қосымша жүлде қоры 70 мың долларды құрайды.
Қазіргі таңда Халықаралық нарды федерациясына 40 ел мүшелікке кірген. Ұйым бірыңғай ережелерді қалыптастырып, халықаралық турнирлер өткізумен қатар, рейтингтік және төрешілік жүйелерді енгізу, сондай-ақ қатысушы елдердің географиясын кеңейтумен айналысады.