Спортшы Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне күш қолданған
Еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Дәулет Шабанбай төрт жылға сотталуы мүмкін. Сот барысындағы жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы сотқа осылай пікір білдірді.
Дәулет Шабанбайға қатысты іс оның Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінен құралған патрульге шабуыл жасағаны үшін қозғалған. Осыдан кейін балуан тергеу изоляторына қамалған болатын.
Оған билік өкіліне қатысты, екі немесе одан да көп адамға күш қолданды деп қылмыстық кодекстің 380-бабының 4-бөлігі 1-тармағымен айып тағылған. Бұл оқиға қыркүйек айында тіркелген көрінеді.
“Айыпталушының әрекеттері билік өкілдеріне бағытталып, олардың қызметтік міндеттерін орындауына кедергі жасады. Сонымен қатар, Шабанбай өзінің физикалық күшін асыра пайдаланды. Әлеуметтік әділдікті орнату және осындай құқық бұзушылықтардың қайта болмауы үшін, оны орта қауіпсіздік мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын”, - деді мемлекеттік айыптаушы сот кезінде.
Дәулет Шабанбайдың адвокаты балуанның халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғаған танымал спортшы екенін, тұрақты жұмысы, отбасы бар екенін және мінездемесінің де жақсы екенін атап, деректер келтірді. Спортшы да өз кінәсін толық мойындады.
«Мен тек кешірім сұраймын! Жігіттер, ренжімеңдер», - деп Дәулет Шабанбай.
Аталған шулы оқиға кезінде Ұлттық ұланның үш әскери қызметкері кешкі сағат тоғыз шамасында дәмхана маңында Дәулет Шабанбайды тоқтатқан екен. Оларға "мас спортшы шу шығарып, тәртіпсіздік жасады" деген шағым түскен. Бұл ретте патруль қызметкерлерінің сұрақтары мен ескертуіне балағат сөздермен жауап беріп, біреуін итеріп, наряд бастығын иығынан қағып, бетінен соққан, үшіншісінің көзінен ұрған. Осыдан кейін көмекке келген қосымша патрульдер ер адамды ұстап, қолына кісен салып алып кеткен.