Спортшылар 11 миллион рубль көлеміндегі бюджет қаржысын заңсыз иемденген
Шана спорты бойынша бірнеше дүркін әлем чемпионы, ресейлік спортшылар Роман Репилов пен Александр Перетягин қамауға алынды.
Көрші елдің белгілі спортшылары аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыпталып отыр. Қараша айының соңында Роман Репилов пен Александр Перетягин спорттық шаналарды сатып алуға бөлінген 11 миллион рубль көлеміндегі бюджет қаржысын заңсыз иемденгені үшін ұсталған. Осыған байланысты олар бір ай мерзімге қамауға алынғаны мәлім болды.
17 желтоқсанда Красноярск қаласының соты Роман Репиловтың қамауда ұстау мерзімін 2026 жылдың 20 ақпанына дейін ұзартқан. 29 жастағы Роман Репилов шана спортынан үш дүркін әлем чемпионы, сондай-ақ әлем чемпионаттарының екі мәрте күміс және қола жүлдегері. Ал 33 жастағы Александр Перетягин – Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері және Сочи Олимпиадасының қатысушысы.