ІВА президенті ресейлік спортшылардың қазіргі уақытта әлемдегі үздіктер қатарында екенін атады.
Еркін күрестен екі дүркін Олимпиада чемпионы Абдулрашид Садулаевтың АҚШ-тағы Real American Freestyle (RAF) кәсіби лигасымен келісімшарт жасауына Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлев қолдау білдірді.
Америкалық RAF ұйымы Садулаевпен келісімшарт жасалғаннан кейін Ресейдің спорттық күрес федерациясының басшысы Михаил Мамиашвили бұл шешімді сынаған болатын.
Ал Умар Кремлев Садулаевтың таңдауы – спортшының жеке құқығы деп баға берді.
«Мен Абдулрашидтің шешімін толық қолдаймын. Спортшылар табыс табуға және мансаптық дамуда ешқандай шектеусіз таңдау жасауға тиіс. Ең бастысы - олар өз елінің туы мен әнұраны астында өнер көрсетуі керек. Бүкіл спорт қауымдастығы біздің спортшыларды қолдауы қажет, өйткені олар жеңісті өз Отанына алып келеді», – деді Кремлев.
ІВА президенті ресейлік спортшылардың қазіргі уақытта әлемдегі үздіктер қатарында екенін атады. Оның айтуынша, дәл осы себепті оларға халықаралық деңгейде қызығушылық жоғары болып отыр.
«Кәсіби лигалар – спортшылар үшін үлкен мүмкіндік. Олар спорттағы мансабын табысты етуге, отбасын және болашағын қамтамасыз етуге жол ашады. Абдулрашид - менің досым әрі аңыз спортшы», - деді IBA басшысы.
Айта кететін жайт, 2024 жылдан бері Абдулрашид Садулаевтың халықаралық жарыстарға қатысуы мәселеге айналып келеді. Мәселен, 2024 жылдың ақпан айында Румынияда өткен Еуропа чемпионатына барған сәтте кеденнен жіберілмесе, сол жылдың сәуір айында ХОК тарапынан олимпиадалық іріктеу турниріне қатысуға шектеу қойылды.
Ал 2025 жылы оған Словакияда өткен Еуропа чемпионатына және күзде Хорватияда өткен әлем біріншілігіне қатысу үшін виза берілмей, амалсыз аталған жарыстардан тыс қалды.