Спортшы көлікті сағатына 160 шақырымнан жоғары жылдамдықпен басқарған
АҚШ-та Олимпиада ойындарының чемпионы, жеңіл атлет Ша’Кэрри Ричардсон көлікті қауіпті жүргізгені үшін ұсталды. Бұл туралы TMZ басылымы хабарлады.
Аталған оқиға Флорида штатының Орландо қаласында болған. Полиция мәліметінше, спортшы көлікті сағатына 160 шақырымнан жоғары жылдамдықпен басқарған. Сондай-ақ ол алдыңғы көлікке тым жақын келіп, басқа жүргізушілерді басып озу үшін жолақтарды жиі ауыстырған көрінеді. Қазіргі уақытта Ричардсон қамауда отыр.
Бұған дейін де спортшы құқық қорғау органдарының назарына іліккен болатын. 2024 жылы ол өзінің көңіл жарастырған жігіті, жеңіл атлет Кристиан Коулманмен жанжалдан кейін «қауіпті шабуыл жасады» деген күдікпен ұсталған еді.
Айта кетейік, Ша’Кэрри Ричардсон Париж-2024 Олимпиадасында 4×100 метрлік эстафетада алтын, ал 100 метрге жүгіруде күміс медаль иеленген. Ал 2021 жылы марихуана қолданғаны үшін АҚШ-тың антидопинг агенттігі (USADA) оны жарыстардан шеттетіп, соның салдарынан Токио-2020 олимпиадасынан тыс қалған еді.