Риза Каялп – Олимпиада ойындарының үш дүркін жүлдегері
Олимпиада ойындарында үш мәрте жүлде алған түріктің танымал балуаны Риза Каялп допингке қатысты даудан кейін бозкілемге қайта оралды.
Грек-рим күресінен аса ауыр салмақта белдесетін спортшы Загребте өткен турнирде топ жарды. 18 айлық үзілістен соң кілемге шыққан 36 жастағы балуан бабында екенін айқын көрсетті. Турнир барысында барлық белдесуінде жоғары қарқын сақтап, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді.
Загребтегі жарыста Каялп алғашқы айналымда АҚШ өкілі Аден Аттаоны 9:0 есебімен уақытынан бұрын ұтты. Екінші белдесуде грузиялық Рати Таликішвилиді де 9:0 нәтижесімен жеңсе, жартылай финалда қазақстандық Олжас Сырлыбайды 4:0 есебімен басып озып, финалға жолдама алды. Ал шешуші белдесуде тағы бір америкалық балуан Колтон Шульцті 7:1 есебімен жеңіп, турнир жеңімпазы атанды.
Риза Каялп – Олимпиада ойындарының үш дүркін жүлдегері, әлемнің төрт дүркін чемпионы және Еуропа чемпионатының 12 мәрте жеңімпазы. Ол классикалық күресте 15 жылдан астам уақыт бойы өз салмағында әлемдік деңгейдегі үздіктер қатарында өнер көрсетіп келеді.
«Бұл керемет кілемге қайта оралып, алтын медаль тағу мен үшін зор мақтаныш пен қуанышқа толы күн болды. Өмірімнің бір бөлігіне айналған орынға қайта келіп, тағы да чемпион атану ерекше сезім. Бұл өте ауыр әрі күйзелісті кезең еді. Мен қаламаған жағдайлар орын алды. Өзіңді түсіндіре алмаудан асқан қиын нәрсе жоқ. Бірақ өмір жалғасады. Ішімде үлкен от, амбиция және жаңару бар. Бұрынғы жалыққан сәттер жоғалды. Енді алға қоятын биік мақсаттарым бар деп үміттенемін», - деді ол.
Айта кетейік, Каялп 2023 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алып, 2024 жылғы Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алған еді. Алайда 2024 жылы допингке қатысты айып тағылып, белгілі бір уақытқа жарыстардан шеттетілді. Ұзаққа созылған апелляциялық процестен кейін ол өз кінәсіздігін дәлелдеп, үлкен спортқа қайта оралды.
Бұған дейін Каялп Париж Олимпиадасынан соң спорттық мансабын аяқтауды жоспарлаған. Дегенмен Олимпиадаға қатыса алмаған соң, алдағы Олимпиада ойындарына, сондай-ақ әлем және Еуропа чемпионаттарына қатысуды мақсат етіп отыр.