Екі шорт-трекші де Олимпиадаға төртінші рет қатысып жатыр
Милан қаласында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарында шорт-тректен ерлер арасындағы 500 метрге іріктеу жарыстары басталды. Қазақстан құрамасының көшбасшылары – Денис Никиша мен Абзал Әжғалиев келесі кезеңге жолдама алды.
Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Денис Никиша 3-топта сынға түсіп, 40.818 секунд нәтижемен мәреге үшінші болып жетті. Уақыт көрсеткіші бойынша ол ширек финалға өтті. Айта кетейік, Миландағы салтанатты ашылу рәсімінде Мемлекеттік туды ұстап шығу мәртебесі де Никишаға сеніп тапсырылған болатын.
Ал әлем кубогы кезеңдерінің және Азия ойындарының чемпионы Абзал Әжғалиев өз тобында бірінші болып келіп, ширек финалға тікелей жолдама иеленді. Тәжірибелі спортшы жарыс барысында сенімді өнер көрсетті.
Бұл дода – екі спортшының да мансабындағы төртінші Олимпиада. Ширек финалдан басталатын шешуші кезеңдер 18-інен 19 ақпанға қараған түні өтеді.