Ол әлем рекордын Токиода өткен әлем чемпионатында орнатқан
Швециялық сырықпен секіруші Арман Дюплантис өз мансабында 15-ші мәрте әлем рекордын орнатты. Уппсала қаласында өткен Mondo Classic 2026 турнирінде ол алғашқы мүмкіндігінде 6,31 метр биіктікті бағындырды. Осылайша спортшы өзінің бұрынғы рекордынан 1 сантиметрге жоғары секірді.
Ол әлем рекордын былтыр қыркүйекте Токиода өткен әлем чемпионатында орнатқан еді. Сол уақытта 6,30 метр биіктікке секіріп, күллі әлем назарын өзіне аударды. Дюплантис алғаш рет 2020 жылы әлем рекордшысы атанған. Ол кезде спортшы 6,17 метр нәтижені көрсеткен-тін.
Дюплантистің рекордтары:
2020 жылы 6,17 м (Турин), 6,18 м (Глазго), 2022 жылы 6,19 м, 6,20 м (Белград), 6,21 м (Юджин)
2023 жылы 6,22 м (Клермон-Ферран), 6,23 м (Юджин)
2024 жылы 6,24 м (Сямынь), 6,25 м (Париж), 6,26 м (Хожув)
2025 жылы 6,27 м (Клермон-Ферран), 6,28 м (Стокгольм), 6,29 м (Будапешт), 6,30 м (Токио) нәтижесін көрсеткен.
Арман Дюплантис осы дисциплина бойынша екі дүркін Олимпиада чемпионы, сондай-ақ 2022 және 2023 жылдары әлем чемпионатында топ жарған. Бұдан бөлек, спортшы Еуропа чемпионатында үш рет үздік атанды.