Клебо мұзды жолға желке тұсымен соғылған
Норвегиялық атақты шаңғышы, он бір дүркін Олимпиада чемпионы Йоханнес Клебо өз елінің Драммен қаласында өткен шаңғыдан әлем кубогы кезеңіндегі спринттің жартылай финалында құлап, басынан жарақат алды.
NRK мәліметінше, Клебо америкалық шаңғышы Бен Огденнің артынан құлап, мұзды жолға желке тұсымен соғылған. Спортшы бірден орнынан тұра алмай, ұйымдастырушылардың көмегімен жарыс жолынан шығарылғаны мәлім болды. Кейін ол жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген.
Атақты шаңғышының жаттықтырушысы Арильд Монсеннің айтуынша, шәкірті өзін сол сәтте ұйқылы-ояу сезінген. Сол себепті дәрігерлердің спортшыны толық тексеруден өткізу үшін ауруханаға алып кеткені айтылды.
Аталған жарыста Клебо 4 қаңтардан бері алғаш рет жеңістен тыс қалды. Оның бұған дейін халықаралық жарыстардағы жеңіс сериясы 12 үздік нәтижені құраған еді.
Айта кетейік, Клебо Италияда өткен соңғы қысқы Олимпиада ойындарында алты алтын медаль иеленіп, қысқы ойындар тарихындағы айтулы рекордты орнатқан болатын.