Ел қоржынына тарихи жүлдені парабиатлоншы Ербол Хамитов салды.
Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан Қысқы Паралимпиада-2026 ойындарында Қазақстан құрамасы алғашқы алтын медаліне қол жеткізді. Ел қоржынына тарихи жүлдені парабиатлоншы Ербол Хамитов салды.
Ербол Хамитов парабиатлоннан отырып жарысатын спортшылар арасындағы спринттік із қуу жарысының финалында 9:39.0 уақыт көрсетіп, бір мәрте мүлт кеткеніне қарамастан мәреге бірінші болып жетті. Күміс жүлде украиналық Тарас Радьқа бұйырса, қола медаль Қытай өкілі Лю Цзысюға бұйырды.
Бұл финалда Қазақстан атынан үш спортшы сынға түсті. Олардың қатарында Ербол Хамитовтен бөлек Сергей Усольцев пен Юрий Березин де болды.
Айта кетейік, бұған дейін Ербол Хамитов осы Паралимпиадада парашаңғы жарысынан қола медаль жеңіп алған еді. Сол жүлде Қазақстанның Милан-Кортина ойындарындағы алғашқы медалі болса, бүгінгі алтын – ел құрамасының алғашқы чемпиондық атағы атанды.
Милано–Кортина 2026 Қысқы Паралимпиадасы 6-15 наурыз аралығында өтеді. Қазақстан бұл додада парашаңғы жарысы мен парабиатлон бойынша өнер көрсетіп жатыр.