Ол тіпті жүкті кезінде де жарысқа қатысқан.
Каратэден елімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай екінші сәбиін дүниеге әкелді.
Қуанышты жаңалықты спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Нәресте 17 наурыз күні дүниеге келген. Жаңа туған сәбиге Мейірім деп ат қойған.
«Марат Мейірім Дидарқызы.
Қош келдің өмірге, қызым! Алла деніңді сау, ғұмырыңды ұзақ қылсын», – деп жазды Мөлдірдің өзі.
Жаңбырбайдың жолдасы Дидар Әмірелі де каратэші. Ол – әлем чемпионатының қола жүлдегері. Жұлдызды жұп 2020 жылы шаңырақ көтерген. Ерлі-зайыптылардың тұңғыш қызының есімі – Медина.
Айта кетейік, Жаңбырбай бұған дейін жүктілігіне қарамастан ірі халықаралық жарысқа қатысқанын айтқан еді. 2025 жылғы Дүниежүзілік ойындарда ол финалға дейін жетіп, күміс жүлде жеңіп алды. Бір қызығы, спортшы өзінің жүкті екенін жарыс алдында ғана білген және бұл туралы бапкерлеріне де айтпаған.
«Каратэде ірі жарыстар жиі өтпейді. Сондықтан Дүниежүзілік ойындарды көп күттім. Бірақ жарыс алдында салмақ қуу қиынға соқты. Кейін ғана жүкті екенімді білдім. Бұл күтпеген жағдай болды. Жолдасыммен ақылдасып, жарысқа қатысуға шешім қабылдадым, бірақ бапкерлеріме айтқан жоқпын, олар тек жарыстан соң ғана біліп, біраз ренжіді», – деген еді спортшы.
Мөлдір Жаңбырбай – Қазақстаннан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Ол 2021 жылғы Азия чемпионатында топ жарып, екі жыл қатарынан «жылдың үздік каратэшісі» атанып, «Grand Winner» атағын иеленген.