51 елдің ұлттық құрамасы сапында 389 татами шебері қатысады
Дзюдодан 20 наурыз күні Тбилисиде басталатын Гранд Слэм турниріне 51 елдің ұлттық құрамасы сапында 389 татами шебері қатысады.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бәсекеге Қазақстан ұлттық құрамасы сынға түспек. 20 наурызда ерлер 60, 66, әйелдер 48, 52, 57 келіде күреседі. Ал 21 наурызда ерлер 73, 81, әйелдер 63, 70 келіде белдессе, соңғы жарыс күні 22 наруызда ерлер 90, -100, +100 келіде, бұрымды балуандар -78, +78 келіде татамиге шығады деп күтіліп отыр.
Айта кететін жайт, 60 келіде 32, 66-да 38, 73-те 42, 81-де 33, 90-да 35, -100-де 32, +100 келіде 25 балуан өзара мықтыны анықтайды. Бұл Тбилиси турнирінің құрлық біріншілігінен бәсі биік екенін көрсетеді. Ал әйелдер арасында 48 келіде 22, 52-де 17, 57-де 24, 63-те 23, 70-те 30, -78-де 19, +78-де 17 балуан күреседі.
Сонымен бірге, бұл турнирге Олимпиада чемпиондары қатыспайтыны белгілі болды. Тек түрлі салмақ дәрежесінде әр жылдары әлем және құрлық біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері өз әлеуетін кезекті рет байқап көрмек.
Еліміздің ұлттық құрамасының бапкерлері Грузия астанасындағы Гранд Слэм турнирінде 12 дзюдошыға үміт артып отыр.