Джеруто әлем біріншілігінде Қазақстан атынан қатысқан жалғыз спортшы болды
Польшаның Торунь қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты турнирінде Қазақстан атынан сынға түсетін спортшы Нора Джеруто ел намысын қорғаған еді.
Джеруто әлем біріншілігінде Қазақстан атынан қатысқан жалғыз спортшы болды. Жеңіл атлет 3000 метр қашықтықта сынға түскен еді. Ол ақпан айында аталған дисциплинада Қазақстан рекордын орнатып, Азия чемпионатында топ жарған.
Алайда Польшадағы әлем біріншілігінде спортшы жүлдегерлер қатарына қосыла алмады. Джеруто қашықтықты 9 минут 4,22 секундта жүгіріп өтіп, 11-орынға тұрақтады. Жарыс барысында спортшы біраз уақыт көш бастап келе жатқанымен, мәреге дейін қарқынын сақтай алмады.
Алтын медаль италиялық Надя Баттоклетти еншісіне бұйырса (8:57,64), күміс жүлдені америкалық Эмили Маккэй (8:58,12) иеленді. Ал қола медаль аустралиялық Джессика Халдың (8:58,18) еншісіне жазылды.
Нора Джеруто Қазақстан тарихындағы жеңіл атлетикадан әлем чемпионы атанған тұңғыш адам. Сондай-ақ, ол 2024 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында да қатысқан.