Әзірге ел қоржынында екі жүлде бар
Тбилиси Гранд Слэмінің екінші жарыс күнінде татамиге шыққан Қазақстан балуандары тегіс жүлдесіз қалды.
73 келіде татамиге шыққан ұлттық құрама мүшесі Аңсарбек Ғайнулин бірінші белдесуінде аустриялық Самуэль Гастерден басым түскенімен, 1/8 финалда болгар балуаны Макр Христовтан айласын асыра алмады. Аталған салмақта сынға түскен тағы бір қазақстандық балуан Әнуар Жұмагелдин алғашқы кездесуінде ресейлік Алан Хубиевті жеңгенімен, 1/16 финалда израильдік Элбаз Иохнатанға қарсы қауқар таныта алмады.
81 келіде ҚР чемпионы Мәди Амангелді аустриялық Бернд Фашингтен жеңіліп, жарысты жүлдесіз аяқтауға мәжбүр болды. Ал Асқар Нарқұлов (81 кг) болса италиялық Винчензо Пеллиграны жеңіп, жарысты сәтті бастаған еді. Алайда 1/8 финалда тәжірибесі мол бельгиялық Матиас Кассеге қарсы белдесуде кемшін түсті.
Тбилиси Гранд Слэмінің алғашқы жарыс күнінде 4 балуан белдесіп, екеуі жүлдеге қол жеткізген болатын. Олардың бірі 60 келіде Аман Бақытжан қола медальға ие болса, 66 келіде Нұрқанат Серікбаев екінші рет Грузияда чемпион атанды.
Бұл турнирге ҚР ұлттық құрамасы 12 балуанмен аттанған еді. Ертең, 22 наурызда -90, -100 және +100 келіде 4 отандасымыз жарыс жолына шығады.