Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Баспен ұрып, аяқтан шалды»: Нұрсұлтан Тұрсынов қырғызстандық қарсыласының әрекетін айыптады

Бүгін, 20:34

Ол енді қола жүлде үшін күреседі

«Баспен ұрып, аяқтан шалды»: Нұрсұлтан Тұрсынов қырғызстандық қарсыласының әрекетін айыптады
ҚР ҰОК

Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалында қырғыз балуанына есе жіберген Нұрсұлтан Тұрсынов жеңілісінің себебін атады.

Грек-рим күресінен 87 келіде сынға түскен ұлттық құрама мүшесі қарсыласының өз жанкүйерлері алдында лас күрескенін алға тартты.

«Жартылай финалдық белдесуде қарсыласым баспен ұрып, аяқтан шалып, лас күресті деуге болады. Сондай-ақ партерде есем кетіп, ол тиісті ұпайын иеленіп кетті. Енді ертең қола жүлде үшін күресемін», - деді семейлік балуан.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Тұрсынов финалға шыққан Асан Жанышевпен алғаш рет бозкілемде кездескенін айтты.

«Қырғыз балуанымен алғаш рет күрестім. Белдесуде сылбыр болдым дей алмаймын. Екеуміз де партерге түсіруге тырыстық, бірақ ол ойымыз жүзеге аспады. Жанкүйерлердің қырғыз балуанын қатты қолдағаны мені еш қобалжытқан жоқ. Жалпы, мен үшін бәрі ойдағыдай болып жатқан еді. Алайда баспен екі-үш рет ұрғаннан кейін қайта ұмтылғаныммен, нәтиже болмады. Сол себепті жеңіс бізге бұйырмады», - деді Нұрсұлтан Тұрсынов.

Биылғы Азия чемпионатында 87 келі салмақ дәрежесінде барлығы 11 балуан қатысты. Қазақстан құрамасының мүшесі іріктеу кезеңін ширек финалдан бастап, оңтүстіккореялық Сынхван Лиді 7:1 есебімен жеңген болатын.

Айта кетейік, Азия чемпионатының алғашқы жарыс күні Қазақстан құрамасынан бес балуан өнер көрсетті. Алайда олардың тек екеуі ғана жүлде үшін күресуге мүмкіндік алып отыр. Бұл ретте Нұрсұлтан Тұрсынов түрікменстандық Давлетмурад Байрамовпен қола жүлде иесін анықтайды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 1
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам