Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Елге алтынмен барамын»: Азия чемпионатының финалына шыққан Алматбек Аманбек уәде берді

07.04.2026, 18:07

Ол құрамадан финалға шыққан жалғыз балуан. 

«Елге алтынмен барамын»: Азия чемпионатының финалына шыққан Алматбек Аманбек уәде берді
instagram.com/qaz_team_official

Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен Алматбек Аманбек финалға шықты. Ұлттық құрама мүшесі 72 келіде қырғызстандық Амантұр Исмаиловты 3:1 есебімен жеңіп, шешуші сәтте үмітті толық ақтады.

Ол «классикалық» күрестен Қазақстан құрамасынан финалға шыққан жалғыз балуан атанып отыр. Жауапты белдесуден кейін спортшымен 1bol.kz тілшісі арнайы сұхбаттасты.

- Жартылай финалдағы белдесуім өте тартысты өтті. Бапкерлерім айтқан тактиканы толық жүзеге асыра алдым деп есептеймін. Қарсыласым - қырғыздың мықты балуаны, күресім ойдағыдай өтті. Ертең финалда тактика арқылы жеңісті жұлып аламын деген ойдамын. Бұйырса, елге алтын медальмен ораламын.

- Кешегі белдесулерде құрама балуандары жаппай жеңіліп жатты. Жартылай финалда табандылық танытуыңа сол жағдай қаншалықты әсер етті?

- «Жарыста бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейді ғой. Әркімнің жағдайы әртүрлі. Олар үшін нақты ештеңе айта алмаймын. Кішігірім қателіктер болғаны рас. Жалпы, Азия чемпионатына барлығымыз тыңғылықты дайындықпен келдік. Қазақстан құрамасы жүлде үшін толық дайын болды.

- Амантұр Исмаиловтың әлеуетін қалай бағалайсың?

- Өте жоғары бағалаймын. Физикалық және тактикалық тұрғыдан мықты балуан. Аллаға шүкір, бүгін жеңіс менің еншіме бұйырды.

- Қырғыз жанкүйерлерінің қарсыласыңды қызу қолдауы саған кедергі келтірмеді ме?

- Оның барлығын өзіме қабылдадым. Эмоцияға бой алдырмай, салқынқандылық таныттым. Елімізде өткен жарыстарда да қазақстандық жанкүйерлердің қолдауын сезініп жүрмін. Қырғыз жанкүйерлері өте қызу қолдайды, күрес десе делебесі қозады. Бүгін де жұмысын тастап, аренаға жиналып отыр. Бұл жағынан қазақтар да қалыспайды. Азия чемпионатына елден арнайы келген жанкүйерлер бар.

Айта кетейік, Азия чемпионатында грек-рим күресі бойынша ұлттық құраманың алты балуаны жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. Оның бесеуі қола жүлде үшін белдеседі.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам