Осылайша Нұрсұлтан Тұрсынов Азия чемпионаттарында алтыншы рет жүлде иеленіп отыр
Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлде түсті.
87 келіде Нұрсұлтан Тұрсынов үшінші орын үшін белдесуде Түрікменстан балуаны Давлатмурад Байрамовты мерзімінен бұрын жеңді. Белдесудің алғашқы кезеңінде партердегі мүмкіндігін тиімді пайдаланған отандасымыз қатарынан екі ұпайлық әдіс жасап, кейін қарсыласын өзінен асыра лақтырды. Осылайша есепті 9:0-ге жеткізді.
Осылайша Нұрсұлтан Тұрсынов Азия чемпионаттарында алтыншы рет жүлде иеленіп отыр. Отандық балуан бұған дейін құрлық біріншіліктерінде 1 алтын, 3 күміс және 1 қола жүлдеге қол жеткізген еді.
Сондай-ақ, 77 келіде Қазақстан құрамасының мүшесі Қаһарман Қисметов қола жүлде үшін белдесуде өзбекстандық Дониёрхон Накибовке есе жіберді (1:10).
Ертең Қазақстан балуандары арасынан Алматбек Аманбек финалда Азия чемпионы атағы үшін бозкілемге шығады. Сонымен қатар, 60 келіде Ербол Камалиев, 82 келіде Ибрагим Магомадов және 97 келіде Ислам Евлоев қола жүлде үшін күреседі.