Пәтерді тапсыру мерзімі 2026 жылдың 15 шілдесіне дейін белгіленген
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа Алматы әкімдігі 120 миллион теңгеге пәтер сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.
Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған конкурсқа сәйкес, Алматы қаласында бір пәтер сатып алу қарастырылған. Сатып алуды Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы жүзеге асырады. Ал конкурсты ұйымдастырушы – Алматы қаласы Мемлекеттік активтер басқармасы.
Құжатта көрсетілген мәлімет бойынша, №16830586-1 конкурс аясында бір ғана лот қарастырылған. Пәтердің құны қосылған құн салығын есептемегенде 120 миллион теңге деп белгіленген.
Техникалық талаптарға сәйкес, тұрғын үй Алматының орталық бөлігіндегі Жароков, Жандосов, Тұрғыт Озал және Абай көшелерінің квадратында орналасуы тиіс. Пәтердің ауданы 110-нан 120,5 шаршы метрге дейін болуы керек және кемінде үш бөлмелі болуы шарт.
Сонымен қатар пәтер орналасқан тұрғын үй 2025 жылдан ерте пайдалануға берілмеуі тиіс. Тұрғын үй санаты «комфорттан» төмен болмауы қажет. Пәтер толық әрленген күйде тапсырылуы керек. Қабырғалары түсқағазбен қапталып, еденіне кемінде 33-класты ламинат пен керамогранит төселуі тиіс. Сондай-ақ созылмалы төбе, жылы еден, сантехника, ішкі есіктер және электронды құлып орнатылған металл кіреберіс есік болуы талап етілген.
Құжатта бір шаршы метрдің ең жоғары құны 995 850 теңге деп көрсетілген. Пәтерді тапсыру мерзімі 2026 жылдың 15 шілдесіне дейін белгіленген. Сонымен бірге келісімшарт бойынша 30 пайыз көлемінде аванс қарастырылған. Кепілдік мерзімі – 24 ай.
Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланғаннан кейін Алматы әкімдігі ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, тұрғын үй 2026 жылы Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарының жүлдегері атанған спортшыны баспанамен қамтамасыз ету мақсатында сатып алынбақ.
Әкімдік мұндай қолдау «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң аясындағы әлеуметтік кепілдіктердің бірі екенін атап өтті.
«Мемлекет халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды осылай қолдайды. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен бекітілген бағдарламалар аясында жүзеге асырылады. Ал пәтер бағасы Алматыдағы бастапқы тұрғын үй нарығына жүргізілген талдау негізінде қалыптастырылды», – делінген әкімдік жауабында.
Сондай-ақ әкімдік өкілдері жаңа әрі толық әрленген пәтер сатып алу қосымша жөндеу шығындарын болдырмауға мүмкіндік беретінін айтты.
Техникалық талаптарға қатысты да түсініктеме берілген. Әкімдік мәліметінше, таңдалған аудан көлік қолжетімділігі, инфрақұрылым және қалалық орта сапасы ескеріліп белгіленген. Ал жаңа тұрғын үйге қойылған талаптар болашақтағы жөндеу шығындарын азайту мақсатында енгізілген.
Еске салайық, Олимпиададан кейін Дархан Сатыбалды Михаил Шайдоров пен оның бапкері Алексей Урмановқа үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған еді. Сонымен қатар Софья Самоделкина бір бөлмелі пәтер сертификатын алса, ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әсем Қасенова да баспанамен марапатталған болатын.