Оқиға байдарка мен каноэде есуден Азия чемпионаты кезінде болған
Түркістан облысындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы әрі Қазақстан чемпионатының жүлдегері Тимур Алиханов спорт шенеунігіне қатысты полицияға арыз түсіргенін мәлімдеді. Бұл туралы sportarena.kz жазды.
Оның айтуынша, оқиға 7 маусым күні Түркістан қаласындағы ескек есу арнасында өткен байдарка мен каноэде есуден Азия чемпионаты кезінде болған.
Алихановтың сөзінше, жанжал барысында Ұлттық ескек есу спорт түрлері федерациясының атқарушы директоры Даулет Сұлтанбеков оған күш қолданып, екі рет жақ тұсынан соққы жасаған. Сондай-ақ бапкер өзінің көпшілік алдында қорланып, қызметінен кетіру туралы қоқан-лоқы естігенін алға тартты.
«Жанжал кезінде Даулет Сұлтанбеков маған екі рет соққы жасап, дене жарақатын келтірді. Бұған қоса көпшілік алдында балағаттап, қорлап, жұмыстан шығарамын деп қорқытты», – дейді Алиханов.
Жаттықтырушының мәлімдеуінше, оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Ол сондай-ақ Сұлтанбековтің жанжал кезінде мас күйде болғанын айтты.
Оқиғадан кейін Тимур Алиханов Түркістан қалалық полиция басқармасына арыз жазған. Алайда оның айтуынша, осыдан кейін өзіне қысым көрсетіле бастаған.
Бапкердің сөзінше, арызын қайтарып алуын тек Даулет Сұлтанбеков қана емес, облыстық спорт мектебінің директоры Нұрлан Айтбеков те талап еткен. Олар мұны күдікті қызметінен айырылып қалмауы үшін жасағанын айтқан.
Сонымен қатар Алиханов қарсы тараптан өзіне қатысты да арыз түскенін және әлі күнге дейін қысым көріп отырғанын мәлімдеді.
«Өз қауіпсіздігіме алаңдаймын. Құзырлы органдардан бұл іске объективті баға беріп, жан-жақты тергеу жүргізуді сұраймын», – деді ол.
Ал Ұлттық ескек есу спорт түрлері федерациясы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасап, қоғамды асығыс қорытынды жасамауға шақырды.
Федерация өкілдерінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған видеолар оқиғаның толық көрінісін көрсетпейді және жалпы жағдайдың тек жекелеген бөліктерін ғана қамтиды.
«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша құзырлы органдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – делінген федерацияның мәлімдемесінде.