Волейболшы Головкиннің тұлғалық қасиеттеріне жоғары баға берді
Қазақстандық танымал волейболшы Сабина Алтынбекова бокстан әлемге әйгілі жерлесі Геннадий Головкиннің Халықаралық бокс даңқы залына қабылдануына қатысты пікір білдірді.
Алтынбекова әлеуметтік желідегі парақшасында салтанатты рәсімнен кадрлар жариялап, Головкиннің тұлғалық қасиеттеріне жоғары баға берді.
«Геннадий Геннадьевич – ер азаматтарға үлгі бола алатын тұлға. Отбасына, еліне және өз ісіне адал жан. Біз оны мақтан тұтамыз әрі тәнтіміз», – деп жазды спортшы Instagram желісіндегі сторисінде.
Еске салайық, АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында Халықаралық бокс даңқы залына (IBHOF) қабылдау рәсімі өтті. Қазақстан тарихында алғаш рет бұл таңдаулы қауымдастықтың мүшесі атанған спортшы – Геннадий Головкин болды. Енді оның есімі Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо секілді бокс тарихының ұлы тұлғаларымен қатар тұр.