Спортшы жаттығу барысында кедергіден секіру кезінде аттан құлап кеткен
Норвегиялық шабандоз Кари Метте Стенеруд ат спорты бойынша жарыс кезінде болған қайғылы оқиға салдарынан көз жұмды.
37 жастағы спортшы Старум коммунасындағы ат спорты полигонында үшсайыс жаттығуы барысында кедергіден секіру кезінде аттан құлап кеткен. Оқиға орнында оған алғашқы медициналық көмек көрсетілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Норвегияның ат спорты федерациясының мәліметінше, Кари Метте Стенеруд ұзақ жылдар бойы конкур мен ат спорты үшсайысында өнер көрсеткен тәжірибелі спортшы болған. Ол Лиллестрём қаласында тұрған, бірнеше жарыс атына иелік еткен және Skedsmo ат клубының намысын қорғаған.
Федерация бұл қайғылы жағдайдың Норвегиядағы ат спорты үшсайысы жарыстары тарихындағы алғашқы өліммен аяқталған оқиға екенін атап өтті. Осыған байланысты ұйым қауіпсіздік талаптарын қайта қарап, оқиғаның барлық мән-жайын мұқият тексеретінін мәлімдеді.
Оқиға орнына жеткен төтенше жағдай қызметінің өкілі Хоген Левсеттің айтуынша, бірнеше медицина қызметкері спортшыны аман алып қалуға тырысқан. Алайда жүргізілген реанимациялық шаралар нәтиже бермей, шабандоз оқиға орнында көз жұмған.