Джона Коэч үш жылға спорттан шеттетілді
1500 метрге жүгіруден АҚШ чемпионы Джона Коэч антидопинг ережесін бұзғаны үшін үш жылға спорттан шеттетілді. Бұл туралы АҚШ-тың допингке қарсы агенттігі (USADA) хабарлады.
29 жастағы спортшының қан биопаспортындағы көрсеткіштері ұзақ уақыт бақылау барысында қалыптан тыс өзгергені анықталған. Қан биопаспорты спортшының қан көрсеткіштерін уақыт өте келе бақылап, допинг қолдану белгілерін анықтауға мүмкіндік береді.
Коэч өткен жылы АҚШ чемпионатында 1500 метр қашықтықта күтпеген жерден жеңіске жетіп, 3:30,17 нәтижесімен жарыс рекордын орнатқан. Ол финалда Итан Стрэнд пен 2024 жылғы Олимпиада чемпионы Коул Хокерден озып шыққан. Алайда допинг ережесін бұзғаны анықталғаннан кейін оның чемпиондық атағы мен нәтижесі жойылды.
Сондай-ақ Коэчтің 2025 жылғы мамырда Рабатта өткен «Алтын лига» кезеңіндегі 1500 метр қашықтықтағы жеңісі де күшін жойды.
Кенияда дүниеге келген спортшы 2015-2019 жылдары АҚШ-та университеттік деңгейде өнер көрсеткен. 2021 жылдың маусымында АҚШ атынан халықаралық жарыстарға қатысу құқығын алған.
Коэчтің дисквалификация мерзімі 2029 жылғы 17 шілдеде аяқталады.