«Астана» велокомандасының қаржысына қатысты дау туды
Спорт журналисі Аслан Қаженов «Астана» велокомандасының қаржыландырылуына қатысты бірқатар сұрақ қойып, команданың бас менеджері Александр Винокуровтан қоғам алдында ашық есеп беруді талап етті.
Қаженовтің сөзінше, команда құрылғаннан бері оған мемлекет тарапынан өте ірі көлемде қаржы жұмсалғаны туралы ақпарат бар. Журналист осы сомалардың нақты көлемі, қай бағытқа жұмсалғаны және неге толық есеп жарияланбағанын түсіндіруді талап етті.
«Құрылғанына 19 жылға жуықтапты. Аталмыш аралықта 100 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінді деген әңгіме бар. Осы тұрғыда команда жетекшісі Александр Винокуровтың жауабы керек. Рас па, жоқ па? Жалпы, халықтың аузынан жырып алынған ақша қайда кетіп жатыр? Нақты есебі бүгінге дейін неге берілмеді?» – деп жазды Қаженов.
Қаженовтің мәлімдемесіндегі ең өткір тұстардың бірі – команда басшылығы мен Винокуровтың ұлдарына қатысты айтылған қаржылық мәліметтер.
Журналистің қолындағы ақпарат бойынша, Александр Винокуровтың жылдық сыйақысы биыл 250 мың еуродан 400 мың еуроға дейін өскен болуы мүмкін. Сондай-ақ оның үлкен ұлы команда құрылымында ассистенттік қызмет атқаратыны, ал кіші ұлы Николяның негізгі құрамға ауысып, оған 350 мың еуро көлемінде сыйақы белгіленгені, келесі жылы бұл сома 400 мың еуроға дейін өсуі мүмкін екені айтылды.
«Александр мырза, бұл сандарға қатысты да жауап керек. Рас па, өтірік пе? Неге? Қайда? Қалай?» – деді Қаженов.
Қаженов мемлекеттік қаржы жұмсалатын спорт жобалары тек нәтижемен емес, ашықтықпен де бағалануы керек деп есептейді. Оның пікірінше, «елдің имиджі» немесе «ұлттық намыс» деген уәж бюджет шығынына қатысты сұрақтарды жаба алмайды.
«Елдің намысы, елдің имиджі, анау-мынау деген желеу жақсы ғой. Бірақ қазір халық бұндайға алданбайды. Осынша шығынмен имидж жасамай-ақ қойыңыз. Оның үстіне қаптаған легионер. Олар Қазақстанда тұрмайды да, Қазақстанды білмейді де. Жалпы өзіңіз соңғы рет Қазақстанда қашан болдыңыз?» – деп жазды журналист.
Ол команданың легионерлерге тәуелділігіне де назар аударып, қазақстандық жобаның елмен байланысы мен нақты пайдасы қаншалықты екенін ашық талқылауды ұсынды.
Қаженовтің көтеріп отырған басты мәселесі – «Астана» велокомандасына бөлінген қаражаттың толық есебі. Ол қаржының жалпы көлемі, басшылық пен спортшылардың сыйақысы, легионерлерге жұмсалатын шығын және команданың қоғам алдындағы есептілігі ашық көрсетілуі тиіс деп санайды.
«Нақты есебін беріп, барлығын ашық және жариялы ететін сәт келді. Өтірік көрмеген болып, игнор жасамаңыз. Сөз кезегі сізде», – деп түйіндеді Аслан Қаженов.