FYERS American Gambits алты ұпаймен турнир кестесінің бірінші орнына шықты
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева мен өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров өнер көрсететін FYERS American Gambits командасы Үндістанның Бангалор қаласында өтіп жатқан Tech Mahindra Global Chess League турнирінде жеке-дара көш бастады.
Команда жарыстың алғашқы күнінде екі матч өткізіп, екеуінде де ірі есеппен жеңіске жетті. Алдымен FYERS American Gambits құрамасы PBG Alaskan Knights командасын 10:4 есебімен ұтты.
Бұл кездесуде Жавохир Синдаров Үндістанның бес дүркін әлем чемпионы Вишванатан Анандтан басым түсті. Ал Бибісара Асаубаева ресейлік Екатерина Лагномен тең ойнады.
Екінші матчта FYERS American Gambits турнирдің қазіргі чемпионы Triveni Continental Kings командасын 14:5 есебімен жеңді. Бұл жолы Асаубаева мен Синдаров өз партияларын тең аяқтады.
Алғашқы ойын күнінен кейін FYERS American Gambits алты ұпаймен турнир кестесінің бірінші орнына шықты. Alpine APL Pipers пен Ganges Grandmasters командаларының еншісінде үш ұпайдан бар. Қалған үш ұжым әзірге ұпай жинаған жоқ.
Келесі кездесуде Асаубаева мен Синдаровтың командасы әлемнің 16 дүркін чемпионы Магнус Карлсен өнер көрсететін Alpine APL Pipers ұжымымен кездеседі.
Жалпы жүлде қоры бір миллион долларды құрайтын Tech Mahindra Global Chess League турнирі 13 қыркүйекке дейін жалғасады.