Спортшы финалда Қытай өкілі Гун Лиге есе жіберді
Қазақстандық каратэші Әсел Қанай Жапонияның Айти–Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды.
61 келіге дейінгі салмақтағы кумитэ бәсекесінде өнер көрсеткен қазақстандық спортшы финалда Қытай өкілі Гун Лиге есе жіберді.
Гун Ли – әлемдік каратэде мол тәжірибесі бар спортшылардың бірі. Қытайлық каратэші Олимпиада ойындарының қола жүлдесін иеленген, әлем чемпионы атанған. Сондай-ақ әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Ханчжоу Азия ойындарының чемпионы және Дүниежүзілік ойындардың жеңімпазы.
Асель Қанай финалға дейін қарсыластарының бәрін сенімді түрде жеңді. Ширек финалда Моңғолия спортшысы Маралжинго Пуревжавты 9:1 есебімен ұтса, жартылай финалда Камбоджа өкілі Чакрия Ванннан 3:0 есебімен басым түсті.
Айти–Нагояда алған күміс медаль Асель Қанайдың Азия ойындарындағы жеке нәтижесін жақсартты. Ол бұған дейін Ханчжоуда өткен құрлықтық додада қола жүлде иеленген болатын. Осылайша, қазақстандық спортшы Азия ойындарындағы нәтижесін бір сатыға жақсартты.
Асель Қанайдың еншісінде әлем чемпионатының қола медалі мен Азия чемпионатының алтын жүлдесі де бар.
Бұл – Қазақстан құрамасының Айти–Нагоядағы Азия ойындарында каратэден жеңіп алған үшінші жүлдесі. Бұған дейін Жоламан Бигабыл мен Софья Берульцева алтын медальға қол жеткізген еді.