Холанд Норвегияның алпауыт әуе компаниясын сотқа берді

Футболшы оның сыртқы келбетіне тән ерекшеліктерін рұқсатсыз жарнамада пайдаланған деп айыптап отыр

1bol.kz
1bol.kz

Норвегия құрамасы мен «Манчестер Сити» шабуылшысы Эрлинг Холанд Norwegian Air Shuttle әуе компаниясын сотқа берді. Футболшының командасы компанияны оның сыртқы келбетіне тән ерекшеліктерін рұқсатсыз жарнамада пайдаланған деп айыптап отыр.

Холандтың адвокаты Томас Хагеннің айтуынша, талап арыз York Promotions Ltd. компаниясы мен футболшының атынан берілген. Іс Norwegian компаниясының 2026 жылғы әлем чемпионаты кезінде әуе билеттерін жарнамалау барысында Холандтың танымал бейнесін пайдаланғанына қатысты. 

Даудың туындауына Norwegian әлеуметтік желілерде жариялаған фотомонтаж себеп болған. Компания ұшағының суретіне Холандтың бұрынғы шаш үлгісі – артқа жиналған ұзын сары шашы қосылып, «Біз бұрын-соңды мұншалықты норвегиялық болған емеспіз» деген жазу қойылған. Бұл жазба Instagram мен TikTok-та жарияланған. Кейін компания Холандқа қатысты осы және басқа да жарияланымдарын өшірді. 

Холандтың заңгерлері бұл әрекетті футболшының айрықша белгілерін коммерциялық мақсатта заңсыз пайдалану деп санайды. Ал Norwegian компаниясы талап арыздың негізін түсінбейтінін айтып, жазбалар ұлттық құраманы қолдауға арналған әлеуметтік желідегі спонтанды жарияланымдар болғанын мәлімдеді. Компания істі конструктивті диалог арқылы шешуге үмітті екенін жеткізді. 

Осло аудандық соты іс бойынша алғашқы дайындық отырысын 9 қазанға белгіледі. Отырыс бейнебайланыс арқылы өтеді. Сот материалдарында дау маркетинг туралы заңның бұзылуына қатысты екені көрсетілген. 

Айта кетейік, Холанд 2026 жылғы әлем чемпионатында Норвегия құрамасымен бірге ширек финалға дейін жеткен. Турнирден кейін футболшы өзінің бұрынғы ұзын шаш үлгісінен бас тартқан еді.

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам