Бұл – Қазақстанның джиу-джитсудан Аичи–Нагоя Азия ойындарындағы бесінші медалі
Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында қазақстандық джиу-джитсушілер тағы екі медаль жеңіп алды.
85 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Мерей Қабдуллаев финалға дейін Батбайар Батсух (Моңғолия), Осама Набас (Иордания) және Абдурахман Муртазалиевті (Қырғызстан) жеңді.
Алтын медаль үшін белдесуде қазақстандық спортшы Сауд Арабиясы өкілі Абдуллах Тариг Надамен кездесіп, 0:7 есебімен жеңілді. Осылайша, Қабдуллаев Азия ойындарының күміс жүлдесіне ие болды.
Ал 63 келіге дейінгі салмақта Мариан Журавлева қола медаль үшін белдесуде Иордания өкілі Майя Ишакатпен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, қазақстандық спортшы Азиаданың қола жүлдесін еншіледі.
Бұл – Қазақстанның джиу-джитсудан Аичи–Нагоя Азия ойындарындағы бесінші медалі. Бұған дейін Нұржан Батырбеков 69 келіге дейінгі салмақта күміс, Сейілхан Болатбек 77 келіге дейінгі және Жібек Құлымбетова 48 келіге дейінгі салмақта қола медаль алған еді.