Қазір Қазақстан қоржынында 12 алтын, 20 күміс және 43 қола – барлығы 75 медаль бар
Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының 13-жарыс күні Қазақстан құрамасы үшін аса нәтижелі болды. Отандастарымыз бір күнде 13 медаль – үш алтын, екі күміс және сегіз қола жүлде жеңіп алды.
Алтын медальді бокстан Айбек Оралбай мен Төрехан Сабырхан, таеквондодан Тамирлан Тілеулес иеленді. Айбек Оралбай мен Төрехан Сабырхан шаршы алаңда Азия ойындарының чемпионы атанса, Тамирлан Тілеулес 58 келіге дейінгі салмақта топ жарып, Қазақстан таеквондосына Азиададағы тарихи алғашқы алтынды сыйлады.
Күміс жүлдені әйелдер күресінен Эльмира Сыздықова мен велотректен Рината Сұлтанова еншіледі. Сыздықова 76 келіге дейінгі салмақта өз мансабында алғаш рет Азия ойындарының финалына шығып, күміс медальға ие болды.
Ал қола жүлдеге виртуалды таеквондодан Рита Бакишева, джиу-джитсудан Сейілхан Болат, дзюдодан Екатерина Токарева, теннистен Анна Данилина мен Юлия Путинцева, еркін күрестен Начын Куулар мен Едіге Қасымбек, таеквондодан Батырхан Төлеуғали және әйелдер күресінен Зейнеп Баянова қол жеткізді.
Осы нәтижелердің арқасында Қазақстан медаль кестесіндегі орнын да жақсартты. Бір күнде үш алтын жеңіп алған құрамамыз тоғызыншы орыннан сегізінші орынға көтеріліп, Бахрейнді басып озды.
Қазір Қазақстан қоржынында 12 алтын, 20 күміс және 43 қола – барлығы 75 медаль бар.
Медаль кестесінде Қытай құрамасы көш бастап тұр. Оның еншісінде 162 алтын, 80 күміс және 71 қола медаль бар. Екінші орында – Жапония (69-83-85), үшінші орында – Оңтүстік Корея (33-39-62). Төртінші сатыда 19 алтын, 22 күміс және 22 қола медалі бар Өзбекстан құрамасы келеді.
Аичи–Нагоя Азия ойындары 4 қазанда аяқталады.