Қазақстан дзюдошылары әлем чемпионатының екінші күнінде жүлде ала алмады

Бірінші жарыс күнінде Қазақстан қожынына бір күміс медаль түскен

Olympic.kz
Olympic.kz

Дзюдодан әлем чемпионатының екінші жарыс күнінде татамиге шыққан Қазақстан дзюдошылары жүлдесіз қалды.

66 келіде Нұрқанат Серікбаев алғашқы айналымда Алжир өкілінен басым түскенімен, келесі кезеңде әлем чемпионы, жапониялық Такеока Такешиден жеңілді. Ал осы салмақтағы тағы бір отандық балуан Ақылжан Жұбатқанов Сальвадор дзюдошысын жарыс жолынан шығарды. Бірақ ол іріктеудегі екінші қарсыласы – тәжікстандық Эмомали Нуралиден белдесудің алғашқы минутында есе жіберіп алды.

Осылайша Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының екінші күнін аяқтады. Бүгінгі жарыс күнінде әйелдер құрамасынан отандық балуандар 52 келіде сынға түспейді. 

Белдесуден кейін Ақылжан Жұбатқанов тәжік балуанының тегеурініне неліктен төтеп бере алмағаны туралы пікір білдірді.

«Белдесу алдында бапкерім тәжік балуанын татамиде өзіме қатты жақындатпауды қатаң тапсырды. Алайда, бұл тактикалық тапсырманы мен орындай алмадым. Қарсыламын оңай спортшы емес. Өткен жылғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері. Эмомали Нурали белдесуде өзіне тартып, қысып күреседі. Мен бұл сында оны тіреп үлгермей, иппон ұпайына түсіп қалдым. Жалпы, ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отырмын. Жастар бәсекесімен салыстырған үлкен айырмашылық бар. Чемпионаттың деңгейі өте биік. Алда дайындығымды күшейтіп, үлкен жарыстарда жүлде аламын деген үмітім бар. Әлем чемпионатына жақсы дайындықпен келдім. Алматыда бір айлық оқу-жаттығу жиындарына қатыстым», - деді Ақылжан Жұбатқан.

Қазақстан дзюдошылары турнирдің алғашқы жарыс күнінде күміс медаль иеленді. Аталған жүлдеге ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта белдескен Шерзод Давлатов қол жеткізді. Сонымен бірге, Аман Бақытжан (60 кг), Абиба Әбужақынова, Ғалия Тынбаева іріктеу бәсекелерінен өте алмады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам