Астанадағы әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтын балуандар анықталды

Ризабек Айтмұханның салмағында еркін күрестің ең танымал балуандары бақ сынайды

UWW
UWW

24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада өтетін еркін күрестен әлем чемпионатында Қазақстан атынан белдесетін балуандардың есімдері белгілі болды. Біріккен әлемдік күрес ұйымының (UWW) ресми сайтында жарияланған тізімге 10 спортшы енген.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Данияр Қайсанов пен кеңесші маман Майырбек Юсупов әр салмақта ел намысын қорғайтын балуандарды таңдаған. Әлемдік дода елордадағы «Барыс Аренада» өтеді.

Қазақстан құрамасының тізімі төмендегідей:

  • 57 келі: Мейрамбек Қартыбай (Ақтөбе облысы);
  • 61 келі: Асыл Айтақын (Алматы);
  • 65 келі: Өсімжан Дастанбек (Алматы облысы);
  • 70 келі: Санжар Досжанов (Алматы);
  • 74 келі: Нұрқожа Қайпанов (Алматы);
  • 79 келі: Шамсат Таир (Шымкент);
  • 86 келі: Болат Сақаев (Атырау облысы);
  • 92 келі: Азамат Дәулетбеков (Шығыс Қазақстан облысы);
  • 97 келі: Ризабек Айтмұхан (Астана);
  • 125 келі: Едіге Қасымбек (Алматы облысы).

UWW ережесіне сәйкес, балуандар тізіміне жеребе тарту рәсіміне дейін 72 сағат қалғанша өзгеріс енгізуге болады.

Ризабек Айтмұханды кімдер күтіп тұр?

Қазақстан құрамасы үшін ең тартысты салмақтардың бірі — 97 келіге дейінгі дивизион. Бұл санатта Ризабек Айтмұханмен бірге қазіргі заманғы еркін күрестің ең танымал балуандарының бірқатары бақ сынайды. Олардың қатарында ресейлік Абдулрашид Садулаев, америкалық Кайл Снайдер, ирандық Хасан Яздани, жапониялық Араш Йошида және Бахрейн атынан шығатын Ахмед Тажудинов бар.

Ризабек Айтмұханның аталған қарсыластармен бұрынғы кездесулеріндегі көрсеткіштері де назар аудартады. Қазақстандық балуан Садулаевтан бір рет жеңілген, Снайдермен өткен екі белдесуде де есе жіберген. Язданимен әлі кездескен жоқ. Ал Йошидадан төрт рет жеңілсе, Тажудиновпен өткен үш белдесудің біреуінде жеңіске жетіп, екеуінде ұтылған.

Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан жуырда өткен Азия ойындарында жүлдегерлер қатарына қосыла алмады. Ол алғашқы белдесуінде Араш Йошидаға 1:11 есебімен жол берді. Кейін жапониялық балуан финалға дейін жеткенімен, шешуші кездесуде болашақ чемпион — ирандық Амирали Азарпиреге есе жіберді. Осы нәтижеге байланысты Айтмұхан жұбаныш белдесуіне қатысу мүмкіндігін де ала алмады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам