Ұлттық құрама Франция дзюдошыларына есе жіберді
Қазақстан дзюдошылары Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатын түрде аяқтады. Турнирдің соңғы жарыс күнінде аралас командалық сында ҚР ұлттық құрамасы Франция дзюдошыларына есе жіберді.
Маңызды кездесуде Жантілек Нұртілепұлы, Ерсұлтан Дүйсенхан, Ермахан Әнуарбеков, Мөлдір Нарынова және Дина Мұханбет белдесуге шыққан болатын.
Жарысты 1/8 финалдан бастанған жерлестеріміз қарсылас командаға 4:1 есебімен жол берді. Аталған сында +90 келіде Жантілек Нұртілепұлы жеңіске жеткен еді. Алайда өзге балуандар іріктеуде осалдық танытып, жарысты жүлдесіз аяқтауға мәжбүр болды.
Белдесуден кейін дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушы-консультанты Роберт Мшвидобадзе отандық дзюдошылардың әлем чемпионатындағы әлеуетіне баға берді.
«Жекелей сайыстағы нәтижеге де көңілім толады. Неге десеңіз, командамыздың жартысы Азия ойындарына қатысып, бұл жолы белдескен жоқ. Ал қалған бөлігі Бакуде өнер көрсетті. Жекелей сында алты ер баламыз және бес қызымыз күресті. Менің ойымша, спортшыларымыз жақсы белдесті. Біз алтын медаль иеленуге мүмкіндік алдық, алайда кішкентай қателіктерге жол бердік. Тағы бір медаль алуға да мүмкіндігіміз болды, бірақ бұл жолы да сол қателіктер жүлде алуға кедергі келтірді. Енді жаттығуға оралып, осы кемшіліктерді талдап, әрі қарай дайындықты жалғастырамыз. Келесі жылы өз елімізде өтетін әлем чемпионатына оралып, бұдан да жақсы нәтиже көрсететінімізге сенімдімін», - деді Роберт Мшвидобадзе.
Әзербайжан астанасында өткен әлем біріншілігінде Қазақстан балуандары бір күміс жүлде иеленді. Чемпионаттың алғашқы күнінде 60 келіде күрескен Шерзод Давлатов финалға дейін жетіп, шешуші сында жергілікті балуан Ахмад Юсуповқа жол берді. Бұдан бөлек, Абылайхан Жұбаназар (81 кг) бесінші орынға тұрақтады.
Биыл әлем біріншілігіне 93 мемлекеттен 622 балуан қатысты. Жекелей сынның жалпыкомандалық нәтижесі бойынша Жапония құрамасы 7 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен көш бастады. Ал екінші сатыға Грузия балуандары 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен жайғасты. Ал үштік Әзербайжан балуандары 1 алтын, 2 күміс, 4 қола медальмен түйіндеді. Қазақстан құрамасы бұл тізімде 11-ші сатыға жайғасты.
Айта кететін жайт, 2027 жылы әлем біріншілігі Астана қаласында өтеді. Осыған орай 10 қазан күні Бакудегі чемпионат барысында Халықаралық дзюдо федерациясының ( IJF) туы ресми түрде Қазақстанға табысталды. Елордадағы татами шеберлерінің дүниежүзілік біріншілігі келер жылдың 7-14 маусым күндері аралығында өтпек. Бұл турнир араға 12 жыл салып Астанада жалауы желбірегелі отырған екінші чемпионат болғалы отыр.