«Ол менен де талантты»: Абдусатторов Синдаровты ұлы шахматшы деп атады

Абдусатторов Синдаровтың дарынына жоғары баға берді

UzChess
UzChess

Өзбекстандық гроссмейстер Нодирбек Абдусатторов ұлттық құрамадағы әріптесі Жавохир Синдаровты шахмат тарихындағы ең талантты бес ойыншының қатарына қосты. Оның айтуынша, Синдаровтың дарыны Гарри Каспаров секілді шахмат аңыздарынан кем түспейді. Бұл туралы UzChess басылымы жазды.

Абдусатторов Синдаровтың мүмкіндігін бұрыннан білетінін, алайда оның шахматқа толық ден қоюы кейінгі жылдары ғана басталғанын атап өтті.

«Біз оның әлеуетін жақсы білеміз. Жавохирдің дарыны керемет, тіпті менен де талантты. 2021–2022 жылдарға дейін ол шахматқа көп уақыт бөлмей, басқа істермен де айналысты.

Менің ойымша, ол Каспаров және басқа да ұлы шахматшылармен бірге тарихтағы ең талантты бес ойыншының қатарына кіреді. Дарыны жағынан олардан еш кем түспейді. Тек ұзақ уақыт бойы өз мүмкіндігін толық аша алмай, көлеңкеде қалды», – деді гроссмейстер.

Сондай-ақ Абдусатторов Синдаровтың жетістіктері өзіне де жігер бергенін айтты. Оның сөзінше, өзі 2022 жылы алғашқылардың бірі болып 2700 рейтингтік ұпай межесінен асып, бірнеше жыл бойы әлемдегі ең мықты шахматшылар қатарында болған. Алайда Үміткерлер турниріне қатысу мақсатына жете алмады. Бұған әуелі жасының кішілігі, кейін тәжірибесінің жеткіліксіздігі кедергі болған.

«Мен көп жыл бойы Жавохирден бір қадам алда жүрдім. Енді ол менен озып, осы мақсатқа бірінші болып жетті. Оның бірінен соң бірі жеңіске жетуі маған жаңа серпін берді. Жавохир мұның мүмкін екенін көрсетіп, жол ашты әрі өзіме деген сенімімді нығайтты. Қазір ол алда, ал мен оның соңынан еріп келемін», – деді Абдусатторов.

Айта кетейік, Жавохир Синдаров алдағы уақытта Үндістан өкілі Гукеш Доммараджумен шахмат тәжін сарапқа салатын матчқа дайындалып жатыр.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам