Оқиға қыздар арасында волейболдан Қазақстан чемпионаты кезінде болған
Павлодарда волейболдан Қазақстан чемпионатының жасөспірімдер арасындағы жарысы кезінде Шымкенттен келген бапкер тәрбиеленушісінің басынан ұрған. Оқиға видеоға түсіп, әлеуметтік желіде тарады.
Кадрлардан бапкердің спортшы қызды өзіне шақырып алып, кейін оның басынан ұрғанын көруге болады.
Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, Павлодарда 2009 жылы туған және одан кіші қыздар арасында волейболдан Қазақстан чемпионатының екінші туры өтіп жатыр. Жарысқа Шымкент қаласының атынан жекеменшік клубтың командасы қатысқан.
Оқиғаға қатысы бар бапкер Хамит Мырзабеков екені хабарланды. Қазақстанның Ұлттық волейбол федерациясы бейнежазба тарағаннан кейін оны жарыстардан шеттету туралы шешім қабылдаған.
Спорт басқармасының мәліметінше, Мырзабеков жекеменшік волейбол клубында шамамен алты-жеті ай жұмыс істеген. Қазіргі уақытта клуб өкілінің ресми ақпараты бойынша, ол қызметінен босатылған.
Ведомство бапкердің Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мемлекеттік спорт ұйымдарында жұмыс істемейтінін атап өтті.
Қазір басқарма оқиғаның мән-жайын зерделеп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдау мәселесін қарастыратынын мәлімдеді.