Қазақстан ауыр атлеттері әлем чемпионатында бір ғана күміс медальмен шектелді

Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 12-орынға тұрақтады

ҰОК
ҰОК

Қытайдың Нинбо қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты аяқталды. Байрақты бәсекеге Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары қатысып, ел қоржынына бір күміс медаль салды.

Дәурен Бекмұханбетов пен Жарқын Абдуллаев жаттықтыратын спортшылардың нәтижесі төмендегідей:

  • 75 келі: Пётр Хребтов – 14-орын;
  • 77 келі: Аянат Жұмағали – 19-орын;
  • 85 келі: Алексей Чуркин – 4-орын;
  • 85 келі: Едіге Емберді – 16-орын;
  • 95 келі: Нұрғиса Әділетұлы – күміс жүлдегер;
  • 110 келі: Артём Антропов – 8-орын;
  • +86 келі: Любовь Ковальчук – 6-орын.

Жалпы есепте Қазақстан құрамасы бір күміс медальмен 12-орынға тұрақтады. Медальдар кестесінде Солтүстік Корея құрамасы алты алтын, үш күміс және үш қола медальмен көш бастады. Қытай құрамасы алты алтын, үш күміс және екі қола жүлдемен екінші орын алды. Египет спортшылары бір алтын және бір қола медальмен үздік үштікті түйіндеді.

Ал жұлқа көтеру, серпе көтеру және қос сайыс нәтижелері бойынша есептелген жалпы медальдар кестесінде Қазақстан 12-орынға жайғасты. Бұл есепте отандастарымыз үш күміс медаль жеңіп алған. Солтүстік Корея 34 медальмен, Қытай 33 медальмен алғашқы екі орынды иеленді. Өзбекстан мен Болгария құрамалары үш алтын медальдан жинап, үшінші орынды бөлісті.

Дегенмен 2025 және 2026 жылғы әлем чемпионаттарының нәтижесін салыстырсақ, Қазақстан құрамасының көрсеткіші жақсарған. Былтыр Норвегияның Фёрде қаласында өткен әлем біріншілігінде отандастарымыз бірде-бір медаль жеңіп ала алмаған еді. Ол кезде Қазақстан ауыр атлетика федерациясының шешімімен жарысқа негізгі емес, екінші құрам қатысқан. Ал басты құрам Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарына дайындалған болатын.

Айта кетейік, Нинбодағы әлем чемпионаты – 2028 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу рейтингінде ұпай беретін сегіз турнирдің алғашқысы. Барлық іріктеу кезеңі аяқталған соң әр салмақ дәрежесінде рейтингтің үздік сегіздігі Олимпиада жолдамасына ие болады.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам