Финалда Александра Ле 303,7 ұпай жинап, жетінші орынға тұрақтады
Қазақстан құрамасының спортшысы Александра Ле Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан нысана көздеуден әлем чемпионатының финалында жетінші орын иеленді.
Ол 50 метр қашықтықтан шағын калибрлі мылтықпен үш қалыпта нысана көздеу сайысында бақ сынады. Іріктеу кезеңінде 590 ұпай жинап, финалға жолдама алған сегіз спортшының қатарына енді. Ал іріктеуде Ұлыбритания өкілі Сеонаид Макинтош 597 ұпаймен әлемдік рекорд орнатты.
Финалда Александра Ле 303,7 ұпай жинап, жетінші орынға тұрақтады. Ал әлем чемпионы атағын 358,4 ұпаймен сербиялық Александра Стоядинович жеңіп алды. Оңтүстік Корея спортшысы О Сихи 357,7 ұпаймен күміс жүлдеге ие болса, жапониялық Мисаки Нобата 348,2 ұпаймен қола медаль еншіледі.
Осылайша, Александра Ле бұл сайыста 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасын ала алмады. Дохадағы әлем чемпионатында осы бағдарлама бойынша үш квота сарапқа салынды. Оларды Сербия, Оңтүстік Корея және Жапония спортшылары иеленді.
Қазақстан құрамасы командалық есепте тоғызыншы орын алды. Александра Ле, София Шульженко және Арина Малиновская жалпы 1749 ұпай жинады. Алтын медальді 1764 ұпаймен Норвегия құрамасы жеңіп алды. Швейцария (1761) – екінші, Чехия (1759) үшінші орынға жайғасты.
Жеке сындағы іріктеуде София Шульженко 582 ұпаймен 43-орын алды.
Айта кетейік, Қазақстан қоржынына әлем чемпионатындағы әзірге жалғыз медальді Ирина Юнусметова салды. Ол 50 метрден тапаншамен нысана көздеуде қола жүлдеге ие болды. Ал стенд атудан әйелдер арасындағы скит сайысында бесінші орын алған Әсем Орынбай Қазақстанға 2028 жылғы Олимпиада ойындарының алғашқы жолдамасын әперді.