Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады
28–29 қараша күндері Астанада таеквондодан (WT) әлемдік Гран-при сериясының финалы өтеді. Қазақстан атынан байрақты бәсекеде төрт спортшы бақ сынайды.
Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады. Ұлттық құрама сапына енген спортшылар:
Тамирлан Тілеулес (−58 кг);
Батырхан Төлеуғали (−80 кг);
Рита Бакишева (−49 кг);
Мария Севостьянова (−57 кг).
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы маусымның бұған дейінгі кезеңдерінде екі медаль жеңіп алды. Мария Севостьянова Париждегі кезеңде қола жүлдеге қол жеткізсе, Айдана Құмартаева Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында өткен жарыста қола медаль иеленді. Ал Римдегі кезеңде қазақстандық таеквондошылар жүлдесіз қалды.
Астана алғаш рет Гран-при сериясының финалын қабылдайды. Турнирге әлемнің 128 спортшысы қатысып, медальдар мен 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу үшін маңызды рейтингтік ұпайларды сарапқа салады.
G-10 санатындағы жарыста жеңімпаз 100, күміс жүлдегер 60, қола жүлдегер 36 рейтингтік ұпайға ие болады.