«Челси» қазақстандық футболшыға жаңа клуб іздеуге кірісе ме?
Жобаның басты мақсаты – бұқаралық спортты баршаға қолжетімді ету
Еліміздің әр өңірінен 15 мыңға жуық адам «QUATTY BOL» ұлттық AI-челленджіне қатысып жатыр. Ауқымды ұлттық онлайн-челлендж қазақстандық AI SPORT цифрлық платформасында өтуде.
Жобаның басты мақсаты – бұқаралық спортты баршаға қолжетімді ету.
Жобаның ерекшелігі – қатысу үшін арнайы спорт нысандарына барудың немесе жарыс өтетін орынға жиналудың қажеті жоқ. Әр адам үйінде, ауласында, саябақта немесе өзіне ыңғайлы кез келген жерде жаттыға алады. Ал жасанды интеллект смартфон камерасы арқылы жаттығуларды танып, қайталану санын есептейді. Ал GPS технологиясы жүріп өткен және жүгірген қашықтықты тіркейді. Барлық нәтиже ортақ цифрлық рейтингте көрсетіледі.
Яғни, қатысушылар бір спорт алаңына жиналмай-ақ, жүгіру, жаяу жүру, отырып-тұру және қолды бүгіп-жазу жаттығулары бойынша онлайн жарысады.
Қатысушыларға үш бағыт ұсынылған.
Бірінші бағыт – QADAM MEN QUAT. Мұнда күн сайын 3 шақырым жаяу жүру немесе жүгіру және 50 рет отырып-тұру қажет.
Екінші бағыт – 100 SHAQYRYM. Қатысушылар 21 күн ішінде жалпы 100 шақырым қашықтықты еңсеруі тиіс.
Ал үшінші QUATTY BOL PUSH бағыты бойынша күн сайын 50 рет қолды бүгіп-жазу және 100 рет секіру керек.
Күнделікті тапсырмалары бар бағыттарда нормативтерді 21 күннің кемінде 16 күнінде орындау қажет. Қатысушыларға бес күнге дейін үзіліс жасауға рұқсат етіледі.
AI SPORT негізін қалаушы, Қазақстанның Ұлттық цифрлық және AI-спорт федерациясының президенті Ғабит Салтыбаевтың айтуынша, цифрлық технологиялар бұқаралық спортты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр.
«Әдетте 15 мың адамды бір спорттық іс-шараға жинау үшін стадион, ұйымдастырушылар, қажетті инфрақұрылым және қомақты қаражат керек. Ал қазір мыңдаған қазақстандық бір-бірінен жүздеген шақырым қашықтықта жүріп-ақ өзара жарысып жатыр. Бірі саябақта жүгірсе, екіншісі үйінде отырып-тұру жаттығуларын жасайды, тағы бірі шағын ауылда белгіленген қашықтықты жүріп өтеді. Олардың барлығы бір ұлттық жарысқа қатысып отыр. Біздің түсінігімізде, бұқаралық спорттың болашағы - адамның қай жерде тұратынына қарамастан, спортпен айналысып, жарысқа қатысуына мүмкіндік жасау»
Қатысушылар үшін қосымша ынталандыру ретінде жүлделер қарастырылған. Жалпы ақшалай жүлде қоры – 1 миллион теңге. Оның ішінде әрқайсысы 100 мың теңгеден болатын 10 жүлде бар.
Сонымен қатар челлендж шарттарын орындаған қатысушылар арасында iPhone 18 Pro, 10-нан астам смарт-сағат және серіктестердің сыйлықтары ойнатылады. Жүлделерді үлестіру тәртібі жарыс ережелеріне сәйкес анықталады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай жобалар бұқаралық спортқа ірі қалалардың тұрғындарын ғана емес, спорт инфрақұрылымы шектеулі шағын елді мекендердегі азаматтарды да тартуға мүмкіндік береді.