Жуырда Түркияда өткен жарыста қазақ балуаны Тажудиновтен жеңіліп қалған болатын
Бішкекте күрес түрлерінен бүгін басталған Азия чемпионатында 97 келіде күрескен Ризабек Айтмұқан финалға шықты. Ол сары құрлық біріншілігінің алтынын әлем чемпионы Ахмед Тажудиновпен бірге сарапқа салады.
Ризабек Айтмұқан жартылай финалда үнді балуанын 13:0 есебімен мерзімінен бұрын ұтты. Ал, Бахрейн атынан күресетін Ахмед Тажудинов финалға шығар жолда Иран балуанын 8:2 есебімен жолда қалдырды.
Осылайша Ризабек Айтмұқан араға бір ай салып өзінің басты қарсыластарының бірі А.Тажудиновпен екінші рет күрескелі отыр. Ол өткен айда Түркияда өткен халықаралық турнирдің жартылай финалында Бахрейн өкіліне есе жіберген болатын.
Сондай-ақ, 57 келіде бозкілемге шыққан Мейрамбек Қартбай жапон спортшысына 4:2 есебімен есе жіберіп, финалға шыға алмады.
Ал 65 келіде күрескен Санжар Мұхтар ширек финалда үнді спортшысына 2:1 нәтижесімен жол берді. 70 келіде Мейіржан Әшіров ширек финалда тәжік балуанына, 79 келіде Азамат Өміржанов іріктеу кезеңінде Моңғолия құрамасының мүшесінен айласын асыра алмады.