Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Тағы да күміс алғаным өкінішті – Ризабек Айтмұқан Олимпиаданы көздейді

11.04.2024, 22:46

Оның қоржынында әлем чемпионатының алтыны бар

Тағы да күміс алғаным өкінішті – Ризабек Айтмұқан Олимпиаданы көздейді
Спортты дамыту дирекциясы

Бішкекте өткен күрестен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған Ризабек Айтмұқан енді Париж Олимпиадасына жолдама алуды көздейді. Бүгінгі жарыстан кейін тілшілерге сұхбат берген балуан еркін күрестегі бәсекелестік және болашақ жоспары туралы айтты.

Айта кетейік, Ризабек Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанып отыр. Былтыр ол 92 келіде финалға шығып жеңілсе, биыл 97 келіде өнер көрсетіп, әлем чемпионы Ахмед Тажудиновке есе жіберді.

«Бұл салмақта Ахметтен де басқа мықтылар бар. Бәрімен күресуге болады. Олардың да екі қолы, екі аяғы бар, ешкімнің ешкімнен артықшылығы жоқ. Тек екінші рет күміс жүлде алғаным өкінішті. Осы жолы чемпион боламын деп ойлаған едім», - деді Ризабек финалдық белдесуден кейін.

Ол сондай-ақ, күрес әлемінде бәсекелестіктің өте қатты артып кеткенін айтып отыр.

«Мұндай бәсекелестікте күрестің деңгейі тек өседі. Бұл қуантады», - деді қазақ балуаны.

Ризабек биыл Парижде өтетін Олимпиада ойындарына баруды көздейтінін жасырған жоқ. Егер алдағы лицензиялық турнирде Қазақстан атынан 97 келіде күресетін Әлішер Ерғали жолдама ала алмаса, келесі лицензиялық жарысқа Ризабек баруы мүмкін.

«Егер Олимпиадаға бара алмасам жастар арасында болатын жарыстар көп, соларға дайындаламын», - деді Р.Айтмұқан.

Еске салайық, Ризабек 2023 жылы Сербия астанасында өткен күрестен әлем чемпионатында бірінші орын алып, Қазақстан қоржынына тарихта алғаш рет алтын медаль салды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам