Ол – екі дүркін әлем чемпионы
Грек-рим күресінен қырғыздың даңқты балуаны Ақжол Махмұдов Азия чемпионатының финалында сүрініп, күміс жүлдеге ие болды. Ол жапон Нао Кусакадан айласын асыра алмады.
Тартысты белдесуде Махмұдовқа еш мүмкіндік бермеген Жапония өкілі төрттағанда қарсыласын айналдырып, өзінің осал еместігін анық көрсетті. Өз кезегінде Ақжол Наоны өзінен асыра лақтырғанымен, төреші тек бір ғана ұпай берді. Бұл ретте оның бапкері челлендж лақтырғанымен, ол нәтижесіз болып, қарсыласы тағы бір ұпай иеленіп кетті.
Осылайша соңғы сәтте дейін нәтижелі әдіс жасай алмаған Ақжол Махмұдов 4:2 есебімен ұтылуға мәжбүр болды.
Ол соңғы рет бір ай бұрын Түркияда өткен халықаралық турнирде түрік балуанына есе жіберіп, жүлдесіз қалған болатын.
Айта кететін жайт, Махмұдов Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері. Әлем чемпионатында екі мәрте чемпион атанған. Сондай-ақ, Азия ойындарының жеңімпазы және құрлық чемпионатын үш рет ұтқан.