Мамыр айында соңғы лицензиялық жарыс болады
Қырғызстан астанасында өтіп жатқан олимпиадалық іріктеу турнирінде әйелдер күресінен Қазақстан спортшысы Жәмила Бақбергенова Париж жолдамасына қол жеткізе алмады.
Отандасыз аса маңызды белдесуде Қытай спортшысына 1:6 есебімен жол берді.
Белдесудің бірінші кезеңінде ол 1:0 ұпайымен басымдыққа ие болғанымен, екінші үш минутта белсенді болмауынан қарсыласы 1 ұпай еншілеп, есепті теңестірді. Алайда, кездесу аяқталуға санаулы секунд қалғанда Қытай балуаны Жәмиланы 4 ұпайлық әдіспен өзінен асыра лақтырды. Осылайша, нәтижемен келіспеген бапкер челлендж басқан еді. Бірақ, әдістің дұрыс жасалғанын ескерген төрешілер тағы 1 ұпайды Қытай спортшысына ұстатты.
Осылайша 72 келіде әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері Жәмила Бақбергенова олимпиадалық салмақта маңызды сында жолдамасыз қалып отыр.
Бұған дейін 50 келіде Лаура Ғаниқызы, 53 келіде Жұлдыз Ешімова шешуші белдесуде жолдамасыз қалған болатын. Сондай-ақ, Ирина Кузнецова, Эмма Тисина, Елена Шалыгина іріктеу кезеңдерінде жеңіліп қалды.
Өкінішке қарай, әйелдер күресінен Қазақстан командасы бірде-бір лицензия ала алмады.