Оның көлігінен 40 келіге жуық есірткі табылды
Ақмола облысына қарасты Аршалы ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шаңғы спорты бойынша жаттықтырушысы есірткі заттарын заңсыз сатқаны үшін сотталды.
Ақмола облысы соты баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам Астана қаласынан Аршалы ауданында сату мақсатында есірткі тасымалдау кезінде ұсталған. Оның автокөлігін тінту кезінде жүк салғыштан жалпы салмағы 39 келіден асатын 4 пакет гашиш табылып, тәркіленіпті.
Ол қылмыстық кодекстің 297-бабының 3 бөлігі 3 бөлімшесі бойынша (есірткі заттарын, сату үшін аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау) қылмыс жасаған. Сотталушының кінәсі оның автокөлігін тінту және есірткі заттары салынған пакеттерді алу хаттамасымен дәлелденген. Сондай-ақ сарапшылардың қорытындысы, тіркелген қоңыраулар, бейнекамералар жазбасы және куәгерлердің айғақтары алынған.
«Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының үкімімен ер адамға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тәркіленген есірткі құралдары жойылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - делінген баспасөз хабарламада.