Ермаштың Бразилиядағы оқиғасы: 20 минут картинасыз тікелей эфир жүргізіп, Ұлттық арнаны "құтқарды"

Алмат Кебіспаев қазақ спортшыларын допинг бойынша кім ұстап беретінін айтты

25.04.2024, 12:24

Ол сондай-ақ, Олимпиадаға дайындықтың дұрыс жүргізілмейтінін айтты

Алмат Кебіспаев қазақ спортшыларын допинг бойынша кім ұстап беретінін айтты
Фото ашық дереккөзден

Грек-рим күресінен әлем чемпионатының бес мәрте жүлдегері Алмат Кебіспаев Олимпиадаға қатысу үшін дайындық жұмыстары қанша уақыт жалғасатынын туралы айтты.

Ол «Aqjaiyq» телеарнасындағы сұхбат барысында спорттағы қамқорлық, дайындалу және допинг мәселесі бойынша жағдайдың қалай өрбитінін әңгімеледі. 

«Спортшы үш ай істейтін жұмысты екі айда істей алмайды. Көктемде салған жемісті жазда ала алмайсың. Сол сияқты бізде де Олимпиада жақындағанда жанталасып, "не керек, не ішесің" деп аузыңа тықпалау еш пайда бермейді. Ол төрт жыл бойы жүйемен істелетін жұмыс. Үш жыл бойы көңіл бөлінбей, бір жыл қалғанда өліп-талғаннан нәтиже болмайды. Жалпы, қазір атқарылып жатқан жұмысты жоққа шығаруға болмайды. Спортта біраз көңіл бөлу бар. Бірақ соны жүйелі түрде жеткізсе, сонда нәтиже болады», - деді ол сұхбат барысында.

Сондай-ақ, белгілі балуан допинг дауына ілінген спортшыларың қалай айыпталатынын да ашық жеткізді. Бұл мәселе бойынша еліміздегі спортшылардың тыйым салынған препараттарды қолдануының сырын көп жағдайда өз адамдарымыз әшкерелейтін көрінеді.

«Бізде допинг деген мәселе бар. Былай қарасаңыз, өзіміздің спортшыны өзіміз ұстап беріп жатамыз. Мұндай мәселе ешқандай елде жоқ», - деді Алмат Кебіспаев.

Сондай-ақ, «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің кординаторы Әсет Сұлтанұлы басқа елдердегі допингке қарсы ұйымдардың спортшылармен атқаратын жұмыстары қалай жүзеге асатынын алға тартты.

«Басқа елдердегі допинг ұйымдары өздерінің спортшыларына препараттардың қайсысын қолдану керектігін үйретеді. Немесе қолданғаннан кейін нені тазарту керектігін айтады. Олар өздерінің спортшыларын батпаққа батыру үшін құрылмаған. Спортшыларының допинг бойынша сауатын ашу үшін жұмыс істейді. Бұл орайда дүниежүзінде Қазақстан өз спортшыларын ұстап беріп жатқаны жиі айтылады», - деді Әсет Сұлтанұлы.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам