Жаңа конкурс! Видеоны көріп, конкурстың шартымен танысып 5000 теңге ұтып ал!

Еркін күрестен әлемдік іріктеу турниріне қатысатын қазақ балуандары анықталды

25.04.2024, 16:36

Бұған дейін Бішкекте өткен турнирде қазақ балуандары екі жолдама жеңіп алған

Еркін күрестен әлемдік іріктеу турниріне қатысатын қазақ балуандары анықталды
olympic.kz

Еркін күрестен Стамбұлда өтетін лицензиялық турнирге қатысатын балуандары есімі белгілі болды. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов мәлімдеді.

Құрама жаттықтырушысы түрік жерінде өтетін әлемдік іріктеу бәсекесіне үш балуан баратын айтып, олардың есімі «Яшар Догу» турниріндегі көрсеткіш бойынша анықталғанын жеткізді.

Жауапты сында 57 келіде – Рахат Қалжан, 65 келіде – Адлан Асқаров, ал 74 келіде – Талғат Сырбаз белдеседі.

Бұған дейін Бішкекте еркін күрес балуандары арасында Әлішер Ерғали (97 келі) мен Юсуп Батырмырзаев (125 келі) Париж Олимпиадасының жолдамасына иеленген болатын. Ал қалған 3 балуан іріктеу сындарында қарсыласқа жол беріп, жолдамадан тыс қалды.

«Біз Азия аймақтық лицензиялық турнирі басталмай тұрып жолдама болмаған жағдайда, соңғы іріктеуде кімдердің күресетінін белгілеп қойдық. "Яшар Догу" халықаралық турнирінің қорытындысын назарға аламыз. Қазір бізде 3 салмақта жолдама жоқ. Жолдаманы кім жеңіп алады, сол Олимпиадаға барады», - деді бас бапкер Olympic.kz тілшісіне берген сұхбатында.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам