Қазақ балуаны 19 жасында әлем чемпионы атанған
Біріккен күрес әлемі (UWW) еркін күрес балуаны Ризабек Айтмұқанды 20 жасқа толуымен арнайы құттықтады. Бұл туралы UWW-дің ресми парақшасында жазба жарық көрді.
«Қазақстан тарихында еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұқанды 20 жасқа толуымен құттықтаймыз», - деп жазылған.
Айта кетейік, отандасымыз өткен жылы Сербияда өткен әлем біріншілігінде 92 келіде белдесіп, топ жарған болатын. 19 жасында жоғары жетістікке қол жеткізген балуан кейін жаңа салмаққа ауысып, үш жарыста жүлдегер атанды.
Мәселен, ақпан айында өткен ел чемпионатында 97 келіде күміс жүлдегер атанса, наурызда Түркиядағы халықаралық турнирде қола жүлдені қанағат тұтты. Ал таяуда Бішкекте аяқталған Азия чемпионатында финалға дейін жетіп, әлем біріншілігінің жеңімпазы Ахмад Тажудиновке 4:2 есебімен жол берді.
Өкінішке қарай, Ризабек Айтмұқан Париж Олимпиадасынан тыс қалып отыр. Оның салмағында ел чемпионы атанған Әлішер Ерғали Қырғызстанда Олимпиада жолдамасына иеленіп, айтулы жарысқа қатысу мүмкіндігіне ие болды.