Сербияда аяқталған Любомир Иванович Мемориалында этникалық қазақ балуандары грек-рим күресінен сынға түсіп, жеңімпаз атанды
Бразилия атынан күресетін қазақ спортшысы Марат Гарипов 55 келіде белдессе, Ресейде тұратын тағы бір қандасымыз Әділет Төлебаев 77 келіде үздік шықты.
Соңғы 15 жылға жуық уақыттан бері Бразилияда тұратын Марат Гарипов бұл сында барлық кездесуді айқын ұтқанын жеткізді.
Бұл жарыста үш белдесу өткіздім. Екі қарсыласымды уақытынан бұрын жеңсем, үшінші белдесуде сербиялық Даниэль Езведтен 8:0 нәтижесімен басым түстім», - деді Марат Гарипов 1bol.kz тілшісіне.
Айта кететін жайт, Марат Гарипов қырық жасқа аяқ басқан спортшы. Ол жасының егде тартқанына қарамастан әлі күнге дейін бозкілемде белдесіп жүр. Өкінішке қарай, Гарипов Олимпиадаға қатыспайды.
Ал Ресей атынан күресетін Омбы облысының тумасы Әділет Төлебаев биыл Румынияда өткен Еуропа чемпионатында қола жүлдегер атанған. Ол сондай-ақ, былтыр әлем чемпионатында Париж Олимпиадасының жолдамасын иелене алмады. Дегенмен, Ресей құрамасында 77 келіде лицензия барын ескерсек, қазақ балуаны биыл Францияда өтетін төртжылдықтың басты ойындарында өнер көрсетуі әбден мүмкін.